Новости

bn dkz2020

Бұл мақаланы жазу үшін мен дәрігер маман ретінде, жалпы қыз бала ретінде көп ойландым. Бар мәселені өзім арқылы өткізіп, саралап көрдім және бұл мақаланы өзге адамның мінін қарап, сөгу үшін емес, аз да болса адам-дарға ой салу мақса-тында жаздым. «Отан отбасынан басталады» десек, сол әрбір кіші отанның ұйытқысы, берекесі болатын — әйел адам. Ұлттың адаспай, ұлт болып қалуы, қоғамның ырғақты дамуы, мемлекеттің өркендеуі әйелге, келешек ана болар қыздардың қалай тәрбиеленетініне байланысты болмақ. Заттай байлықтың құны өршіп тұрған бұл кезеңде руханият аяқ асты қалмауға тиіс. Алайда бар ауыртпалық, кінә мен күнәні қыз балаға жаба бергеніміз орынды ма? Осыдан 3 жыл бұрын Алматы облыстық ЖИТС орталығында АИТВ жұқтырған жүкті әйелдерді бақылайтын дәрігер қызметінде едім. Қарапайым қазақтың қызынан АИТВ жұқпасы анықталып, диспансерлік тізімге алу үшін орталыққа шақырғанмын. Бізде вирус жұқтырған әрбір адаммен жеке сөйлесу шарт. Айғаным (аты өзгертілген) өз диагнозын естігенде ағыл-тегіл жылады. Ол АИТВ инфекциясы жайлы көп біле бермейтін. Ол не, қайдан пайда болды, қалай жұқтырды деген сан алуан сұрақтар басын жаулап алды. Маман ретінде аталған инфекцияға байланысты бар мәліметтерді айтып бердім. Енді кезек маған оның қалай жұқтырғанын білу керек еді. Әңгіме барысында Айғанымның 21 жасында тұрмысқа шыққанын, 2 қызы бар екенін білдім. АИТВ жұқпасы жыныстық қатынас арқылы жұғатындықтан, күйеуінен басқа жігітпен қатынаста болған-болмағанын сұрастырдым. Қыз бәрін теріске шығарды. Күйеуін орталыққа шақырып сөйлескенімде, оның басқа қыздармен қорғанусыз қатынаста болғаны белгілі болды. Сүп-сүйкімді жары мен 2 қызы бар, 3-ші баланы күтіп жүрген әке осындай лас іске қалай ғана барды екен деген ой мазалады. Айғанымды қатты аядым және оның батырлығы мен кешірімшілдігіне қызықтым, себебі ол өз күйеуін кешіріп қана қоймай, оған ешбір кінә тағып, қаралап, ұрыспады да. Біз неге бас салып қызды ғана сөгіп, қызды ғана кінәлай береміз? Айғанымның қандай жазығы бар? Енесін күтіп, балаларын бағып-қаққаны үшін бе?! Араға 4 ай салып Айғаным ұлды болды. Екі қыздан кейін ұл болғасын, денсаулығына қауіп тудырмау үшін Айғанымның жатыр түтігін өз келісімімен байлап тастайды. Айта кететін бір жайт, АИТВ жұқтырған жүкті әйел дер кезінде вирусқа қарсы дәріні қабылдаса, сау бала босану үміті 99%-ға артады. Айғанымның да баласы диспансерлік бақылаудан 1 жарым жасында алынып, сау балалар тізіміне енгізілді. Әкесі мен анасының қуанышында шек болмады. Тағдырдың бір айналдырса шыр айналдыратынын қараңызшы, «жалғызға жамандық әуес» демекші, ұлдары 2 жасқа толар-толмаста ойнап отырған жерінен көлік қағып, тура сол жерде тіл тартпай кетеді. Ұлымен алданған әйел-ана үшін бұл қатты соққы болады. Жақында Айғаным маған орталыққа келіп, жеке сөйлескісі келетінін айтты. Мен танитын әдемі, сұңғақ бойлы, сымбатты қыздан түк қалмаған. Алдымда басқа адам отырғандай болды. Айғаным енді өзі бала туа алмайды. Жетімдер үйінен ұл бала асырап алуға керекті құжаттар жинап, арыз жазыпты. АИТВ жұқтырған ерлі-зайыптыға бала асырап алуға тыйым салынған екен. Соны айтып ағыл-тегіл жылағанда, жүрегім езіліп кетердей жай кештім. Дәрігер ретінде білдірмеуге тырыстым, бірақ Айғаным кеткесін терең ойға шомдым. Жап-жас қыздың бүкіл тағдыры күйеуінің бес минуттық ләззат алу үшін жасаған әрекетінен өзгерді де кетті. Ол да біреудің 9 ай күтіп әлпештеген, 20 жыл бағып-қаққан қызы емес пе? Ата-анасы алақанда аялаған ақ құсын жат жұртқа тапсырғанда қызым осылай азап шексін демеген шығар. Айғанымның тәлім-тәрбиесінен өз басым үлгі алам, ол әлі күнге дейін жарына зекіп сөйлемепті, не өзінің, не күйеуінің ата-анасына АИТВ жұқтырғанын айтпаған да. Бар ауыртпалығы өз ішінде ғана. Мүмкін, ешкімге айта алмағандықтан болар, маған бар сырын айтып, жылап алып кетеді. Дүниелік байлықтың құны өршіп тұрған мына заманда рухани, діни байлықты аяқ асты етпеуіміз керек. АИТВ жұқпасы белең алып отырған кезде барар жеріміз бен басар тауымызды алдын ала ойлана жоспарлап барып басайық. Жұқпаның жыныстық жолмен таралуы бүкіл дүниежүзі мен Қазақстанда да алдыңғы орынға шықты және жұқтырғандардың дені 20 мен 39 жас аралығындағы жастар. Біз рухымыз биік болғанда ғана адам деген асыл есімге кір жуытпай сақтай аламыз. Діні мен ділі берік ел — алынбас қамал. Ал оның болашағы — жастардың қолында. Сондықтан басқа елдердің өркениеттік жетістігі деп бағаланған арзанқол мәдениет үлгісі ата салт-дәстүріміздің тұнығын лайлатпасын десек, жастарымызға дұрыс тәрбие беру — бәріміздің ортақ парызымыз. Өйткені кім-кім де болашақ әке, аға, әпке немесе ана. Самал Кеңшілікқызы Қожалимова, Алматы облыстық ЖИТС орталығы бас дәрігерінің бірінші орынбасары
050010, г.Алматы, ул. Орманова 17