Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласындағы Жамбыл атындағы саябақта ЖИТС құрбандарын еске алуға арналған кеңкөлемді акция өткізілді. «Есімізде, білеміз жеңеміз!» және «Саламатты ел» ұранымен өткен шараға Есік медициналық колледжі мен педагогикалық колледж студенттері, қаладағы бес мектептің оқушылары қатысты.


Аудандық әкімшіліктің ішкі саясат бөлімі қызметкері Думан Мырзақожаның ұйымдастыруымен, аудандық аурухана дәрігерлерінің атсалысуымен алаңқай әсем безендіріліп, сахнаға жүргізушілер шықты.


Алғашқы сөзді алған Есік медициналық колледжінің іс-тәжірибе меңгерушісі Әйгерім Сейсенбаева жастарға бүгінгі күннің мән-маңызы туралы айтып, сөзінің соңын өз  өлеңімен аяқтады:


Шайтандарға артық-ау ләззат алған бір кеші,

Қажеті жоқ шет жақтың үлдесі мен бүлдесі.

Енді ғана, халқым-ау, есті жия беріп ең,

Қайдан келді ғасырдың СПИД деген бәлесі.

 

Салауатты өмір салтын сақтайық,

Жаман жолға әсте аяқ баспайық.

Өз өмірің – өз қолыңда, әй, жастар,

Су ішпеген гүлдей болып солмайық.


Ауданда АИТВ жөнінде жауапты дәрігер Оразгүл Намазбекова, салауатты өмір салтын қалыптастыру дәрігері Арухан Нысанбаева, Алматы облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының мамандары: Марал Мәтембаева мен Гүлмира Жақанова жастарды АИТВ жұқпасынан сақтану, алдын алу жолдарын ұстануға үндеді. Ортаға Алматы облысындағы ЖИТС құрбандарының есімі жазылған квилт әкелініп, бір минут үнсіздік жарияланды.  Салауатты өмір салтын насихаттап жүрген тренер-кеңесші Гүлмира Баймұратқызы викториналық сұрақтар арқылы жастарды еркін пікірталасқа шақырды. Бұдан соң колледж студенттері күшімен флеш-моб тамашаланды.


Ал «Елім-ай» қоғамдық қорының төрағасы Жаңаберген Мұхамедов ел денсаулығына қатысты пайдалы іс-шара үшін ризашылығы білдіріп, аудан әкімінің орынбасары А.Бидаевтың бір топ ақ халатты аззал жанды марапаттаған Алғыс хаттарын иелеріне табыс етті.


Шара соңы аудан өнерпаздарының концертіне ұласты.