Created: 27 Маусым 2022
217

Дәрігерлер - біздің қамқоршы періштелер!

Бір жыл бұрын мені қатты шошытқан оқиға жайлы айтқым келеді, бірақ менің дәрігерім Қалиева Айман Сатышқызының кәсібилігінің арқасында мен осы жағдайды жеңдім.

Тура бір жыл бұрын мен алдын алу үшін гепатит пен АИТВ инфекциясына қан талдауларын тапсырып, өзімнің диагнозым туралы білдім. 15 күннен кейін маған ЖИТС орталығынан қоңырау шалып, әңгімелесуге шақырды.

Сіз менің бұл суық хабарды қалай қабылдағанымды білсеңіз ғой.  Мен ол кезде арқам  ауырғандықтан,  невропатолог қабылдауына автобуспен бара жатқам. Дәрігер қабылдауын күтіп отырғанымда басыма келген ойлар миымды жарып жібере жаздады. Маған АИТВ диагнозы қойылғанын түсіндім. Көз алдым қарауытып, сан қилы жаман  ойдан басым зеңіп кетті – қайдан жұқтырдым, кімнен, қалай? Мұндай жағдай менің басыма да келеді деген ой үш ұйықтасам түсіме кірсеші?!  Мен бұған сенбедім, қателік деп дес бермедім. 

Алматы облыстық ЖИТС орталығына аузым кебірсіп, денем тітіркенген күйі терең ұят сезімімен келдім. Мені мұнда қалыптағыдай қарсы алды. Әңгімені психолог және жұқпалы аурулар дәрігері жүргізді. «Жаңадан келгендермен» сөйлесе алатын тәжірибелі мамандар екен. Әңгіме барысында біз вирустың себептерін, берілу жолын, қашан және кіммен байланыс болғанын білдік, бұл көңілсіз нәтижеге әкелді. Мен қайда екенімді және кім екенімді түсінбедім. Бірақ олар жылы сөйлесіп, мені тыныштандырды, болашақ өмірге үміт сыйлады. Бұл індетпен бір жылдан астам уақыт, тіпті он жыл бойы өмір сүретін адамдар туралы мысалдар келтірді және олардың бәрі жақсы, бұрынғыдай толыққанды   өмір сүріп келе жатқанын, қазіргі заманғы терапия мұның бәрін болдырмауға және ешқандай белгілерді көрсетпеуге мүмкіндік беретінін алға тартты. Орталық қызметкерлері мені бәрі түзетілетініне сендірді, бастысы - өзіңді қолға алып, күйзелістен тез  арылып,өмірді жалғастыруға кеңес берді. 

Жұқпалы аурулар жөніндегі керемет дәрігер менімен үнемі сөйлесіп, байланыста болды, кәсіби көмек көрсетті, жағдайды жақсарту үшін не істеу керектігін айтып отырды.   Дәрігер АИТВ-мен өмір сүретін адамдармен сөйлесіп, араласуымды дұрыс көрді. Дәрігерлердің барлық күш-жігері мен көмегінің арқасында өмірім жақсарды, бәрі өз арнасына түсті. Өмір жалғасуда, терапия көмектесіп келеді, бірақ мен бұл салада жаңа адам болғандықтан әлі де қорқатын сияқтымын. Біздің психологиялық жағдайымызды түсінетін, мейірімді және адамгершілікті дәрігерлерге ризамын. Біздің тарапымыздан оларға және осы ауруды емдеудегі медициналық жетістіктерге үлкен рахмет.

Сөз соңында мен оларға шын жүректен алғысымды білдіріп, Алла риза болсын сіздерге дегім келеді.  Бұл ауруды алып жүрген біз үшін де бөлек дұға етіңіз. Жаратқан иеміз бізге тезірек бұл індеттің ем-шипасын табуды нәсіп етсін!

Дәрігер Қалиева Айман Сатышқызына және барлық қызметкерлерге - біздің қамқоршы періштелерімізге алғысымызды білдіреміз! Олардың арқасында өмірге оралдық және өмірді сүйе түстік.

 

Құрметпен З. С.

#Рахметдарігер